Қазіргі жаһандық климаттық сын-қатерлер мен Орталық Азия экожүйелеріне түсетін антропогендік жүктеме жағдайында пәнаралық ынтымақтастықты дамыту тұрақты дамудың негізгі факторына айналуда. Готфрид Вильгельм Лейбниц атындағы Ганновер университетінің (немісше: Gottfried Wilhelm Leibniz Universität Hannover) теориялық зерттеулері, оның құрылымдық бөлімшесі – Жер жүйесі туралы ғылымдар институты және қазақстандық «Flood MAR» ғылыми жобаларды дайындау мен іске асыру орталығының практикалық қызметі арасындағы өзара іс-қимыл ерекше маңызға ие болып отыр. Мұндай өзара іс-қимылдың негізі ретінде топырақтану саласындағы құзыреттілік орталықтарының желісін дамытуға бағытталған, алдағы уақытта орындалуы жоспарланған «EXSOIL» халықаралық жобасы танылады.
Жер жүйесі туралы ғылымдар институты бұл ынтымақтастыққа топырақ функцияларын, көміртегі мен қоректік заттардың айналымын зерттеуге, сондай-ақ геофизикалық, геохимиялық және климаттық процестерді модельдеуге негізделген терең теориялық база мен заманауи аналитикалық әдістерді әкеледі. Осы саладағы көпжылдық тәжірибесімен зерттеу тобының қатысушыларымен топырақтану саласындағы танымал сарапшы, орман және мәңгілік тоң топырақтары, топырақ биогеохимиясы және ресурстарды тұрақты басқару бойынша маманданған профессор Георг Гуггенбергер бөлісуде.
Алдағы тұжырымдама бойынша, болашақ «EXSOIL» жобасын орындау аясында профессордың жетекшілігімен басты назар тар салалық тәсілден топырақты тірі, көпфункционалды жүйе ретінде жүйелі түсінуге аударылады. Бұл ынтымақтастық үш негізгі бағытты қамтиды.
Бірінші бағыт – әлеуетті арттыру және кадрларды даярлау. Ол бірлескен далалық мектептерді, біліктілікті арттыру курстарын және жас ғалымдар мен мамандарға арналған тағылымдамаларды ұйымдастыруды көздейді. Бұл зерттеушілердің жаңа буынын қалыптастыруға ғана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейдегі озық білім мен әдістемелерді тікелей Қазақстанның аграрлық секторына трансферттеуге мүмкіндік береді.
Екінші бағыт – зертханалық инфрақұрылымды жаңғырту. Мұндағы маңызды құрал мамандандырылған зертханалардың қуаттылығын кеңейту (мысалы, А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының Топырақ және өсімдік шаруашылығы сапасын талдау орталығының моделі бойынша), ауыл шаруашылығындағы стационарлық зертханаларды цифрлық экожүйелерге ауыстыру, сондай-ақ GLOSOLAN және SEALNET халықаралық желілері шеңберінде талдаудың бірыңғай өңірлік стандарттарын енгізу болмақ.
Мұндай алаңдарды практикалық тұрғыда пайдалану мамандарға өз жобаларын негіздеу үшін тұрақты изотоптарды бағалаудан бастап молекулалық-биологиялық зерттеулерге дейінгі жоғары технологиялық талдауларды жүргізуге мүмкіндік береді. Басты нәтиже – серіктестердің заманауи инфрақұрылымға қолжетімділігін кеңейту және жер ресурстарын басқару үшін деректердің дәлдігін арттыру.
Үшінші бағыт – жай-күйді талдау және деректерді интеграциялау, ол ағымдағы ғылыми және білім беру бағдарламаларын терең талдауға бағытталған. Тәжірибені интеграциялау ұзақ мерзімді агроэксперименттер мен далалық бақылаулардың ақпараттық массивтерін біріктіретін стандартталған топырақ деректерінің өңірлік репозиторийі үшін институционалдық негіздерді құру арқылы жүзеге асады. Бұл саланың практикалық талаптарымен теориялық тәсілдерді үйлестіруге мүмкіндік береді.
Осы халықаралық кооперацияның қорытынды нәтижесі тек Орталық Азия өңірінің (ОАӨ) климаттық өзгерістері жағдайында жерді тұрақты пайдалану және өнімділікті тұрақтандыру ғана емес, сонымен қатар ұзақ мерзімді ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін кем дегенде бір ірі халықаралық жобаны дайындау болмақ.