2026 жылдың 22–24 сәуірі аралығында Астанада Орталық Азияның өзекті экологиялық проблемаларын талқылау және тұрақты дамудың бірлескен тәсілдерін әзірлеу үшін жетекші сарапшылардың, ғалымдардың және халықаралық ұйымдар өкілдерінің басын қосқан Өңірлік экологиялық саммит өтті.
Саммит жұмысына Қазақстанның бес өңірінде (Жамбыл, Алматы, Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында) су тасқыны мен құрғақшылық қаупін азайту үшін инновациялық гидрогеологиялық шешімдерді енгізуге бағытталған ЖРН BR27197639 Flood MAR жобасы зерттеу тобының өкілдері де қатысты. Қатысушылар қатарында география ғылымдарының кандидаты, профессор Айжан Сқақова, су ресурстары жөніндегі сарапшы әрі инженер-геоматик Жанай Сагин, PhD докторы, эколог, су ресурстары жөніндегі сарапшы және «EcoMind» экожүйелік шешімдер орталығының жетекшісі Арман Өтепов, сондай-ақ жоба командасының басқа да мүшелері болды. Іс-шара аясында зерттеушілер ғылыми қоғамдастық және экология саласындағы сарапшылармен бірге су шаруашылығы секторын дамыту перспективаларын, климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелерін және су ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдерін талқылады.
Саммит аясында ҚР Президенті Қ.-Ж.К.Тоқаевтың халықаралық су ынтымақтастығын нығайту жөніндегі бастамаларына ерекше назар аударылды. БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) семинары аясында (24 сәуір) біздің әріптестеріміз беделді халықаралық Голдман сыйлығының лауреаты, «Water Holistic» халықаралық бағдарламасының негізін қалаушы және «Жаңа су парадигмасының» авторы, доктор Михал Кравчикпен өткен дәріс-дискуссияға қатысты. Ол ҚР Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен су циклдарын қалпына келтіру тәжірибесімен бөлісу үшін Словакиядан арнайы ұшып келген болатын. Кездесуге сондай-ақ БҰҰ Даму бағдарламасының су ресурстарын басқару жөніндегі халықаралық кеңесшісі – Хьюберт Лор, белгілі әлемдік сарапшы – Болат Есекин, Орталық Азияның су мәселелері жөніндегі платформа үйлестірушісі және Мұса Рысқұлбеков атындағы Қырғыз экономикалық университеті Ұлттық зерттеу университетінің Экономикалық модельдеу және талдау орталығының сарапшы-модельдеушісі Сайкал Анарбековна Эсенаманова қатысты.
«Flood MAR» жобасының жұмыс тобының Өңірлік экологиялық саммитке қатысуының маңызды нәтижелерінің бірі — Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Аралды құтқару қорының Атқарушы дирекциясының (ХАҚҚ АД) басшылығымен тікелей кәсіби байланыстардың орнатылуы болды. Іс-шара аясында ХАҚҚ АД директоры Серіқали Мұхаметкәрімұлы Мұқатаевпен, директордың орынбасары Марат Тұрсынбекұлы Нарбаевпен, «Арал» геопаркінің директоры Сәуле Қайымқызы Темірбекпен және Экология және тұрақты даму департаментінің басшысы Диана Мәлікқызы Бүрлібаевамен жұмыс кездесулері өтті.
Талқылау барысында су ресурстарын тұрақты басқару, экологиялық білім беру және аймақтың өзекті экологиялық сын-қатерлерін шешу үшін кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастық перспективалары қаралды. Қатысушылар болашақ мамандардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мен практикалық құзыреттіліктерін дамытудағы білім беру ұйымдарының рөліне ерекше тоқталды.